Главная arrow Аналитика - Архив arrow Иран-Ресей катынастары жэне Орталык Азия аймагындагы кауiпсiздiк мэселесi
Иран-Ресей катынастары жэне Орталык Азия аймагындагы кауiпсiздiк мэселесi Печать E-mail
Автор Махамбетова Р.К.   
29.04.2009 г.

Image Ирандағы ислам революциясы мен одан кейін орнаған Мәскеу мен Тегеран арасындағы идеологиялық кереағар тәртіп нәтижесінде ұзаққа созылған үзілістен кейін Иран - Ресей қатынастары соңғы уақытта айтарлықтай белсенді түрде дамуда.

КСРО құлағаннан кейін екі ел арасындағы қатынастар басқа шетелдік мемлекеттермен салыстырғанда Ресей жағынан солғын және ынтасыз түрде жүрді десе болады. 2000 жж. бастап Ресейдің Шығыс саясатының белсендірілуімен қатар Иранға деген қызығушылық және онымен қатынастың  оңтайлы да тиімді тұстарын қайта бағалау үрдісі жүрген болатын.

1943 жылғы Тегеран конференциясынан кейін Иран жерін 2007 жылдың қазанында алғаш болып басқан мемлекет басшысы В.В. Путин болды.[i] Осы сомдалған бағыттың айқын жалғасын РФ қазіргі президенті Д.А.Медведев М.Ахмаденижатпен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ)  саммитіндегі кездесуінде көрсеткен болатын.[ii] Жоғарғы деңгейдегі кездесулер тек қана мемлекет басыларымен шектелмей, екі елдің сыртқы істер ведомство, басқа министрлік деңгейіндегі басшыларының жүздесулерімен бекітіліп отырды.[iii]

Иран мен Ресейдің өзара мүдделері көпшілік аймақтық және әлемдік мәселелер бойынша ұқсас болып келеді. Әсіресе, Орталық Азиядағы АҚШ ықпалының өсуіне қатысты мәселеде Тегеран мұндағы ресейлік басымдықтың сақталуына мүдделі. «Күшті Ресей Орталық Азиядағы түрлі мемлекеттер мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ету кепілі бола алатындықтан, Иран аймақтағы Ресей көшбасшылығына түсіністікпен қарайды»[iv]. Бұл жағдайдың соңғы әлемдік өзгерістер легінен айқын көрінісі Грузия және Оңтүстік Осетия мен Абхазия арасындағы қақтығыста Иран ұстанымынан байқалды. Тегеран өз азаматтарын қорғаған Ресей әрекеттерін әділетті деп тапқан болатын. Әрине, Иран бұл қақтығыстың аймақтық сипат алып кетпеуіне алаңдаушылық білдіргенімен, жоғары мінбеден Батыстың саясатын және Грузияны айыптау мазмұнды сөздер айтты. Бұл саяси қадамдар екі мемлекет арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатқа көшуінің алғышарты ма, әлде халықаралық шиеленісті жағдайды кезекті ұпайға айналдыру ұмтылысы ма, уақыт көрсетер.

Мемлекетаралық қатынастардың экономикалық құраушысының маңызы артқан уақытта Иран мен Ресей арасындағы саяси қатынастарға алғышарт болатын негіз - экономикалық ынтымақтастық. Дегенмен Иранның микроэкономикалық көрсеткіштері көңіл тыншытардай емес. Елде көпшілік экономикалық өлшемдердің төмендеу үрдісі байқалады. Мәжілісті зерттеу орталығының басшысы Ахмад Таковолидің айтуынша, 2007 жылдың өзінде инфляция 20% болса[v], 2008 жылы 28%-ды құраған[vi]. Азық-түлік бағасы екі есеге артқан, жұмыссыздық мәселесі де өрши түскен. Алайда макроэкономикалық көрсеткіштері айтарлықтай жоғары болып отыр. ЖІӨ өсімі 6,5%, жанбасына шаққандағы ЖІӨ $12,800, алтын қоры $99.6 млрд, сыртқы қарыз $21,8 млрд құрап, ЖІӨ 6% көрсетті.[vii] Әлемде орын алған қаржы дағдарысының қарқындау үрдісіне қарамастан мұндай ұтысты жағдайдың сақталуының бірқатар себептерін Иранның экономикалық изоляцияда болуымен  түсіндіруге болады.

Иран мен Ресей арасындағы экономикалық қатынастарды қарқынды дамытуға екі жақтың өз алғышарттары бар. Ресей үшін Иран нарығы экономикалық диверсификацияға өте қолайлы сегменттің бірі болса, екіжақты қатынастардың нығаюына деген Иран мүддесі көпжылдық байланыстармен және ең алдымен экономикалық санкциялар себепті американ және еуропалық компаниялардың нарықтан кетуіне байланысты туындаған бос кеңістікті толтыруға ресейлік капиталдың қажеттілігімен анықталады. Ресей үшін Иран аймақтағы геосаяси мүдделерін қозғамайтын потенциалды тиімді экономикалық серіктес болып қала бермек.

Қарым-қатынастардың алға жылжу қарқынын екіжақты тауар айналымынан байқауға болады. 2005-2006 жж. тауар айналымын $2,1 млрд құраса, 2008 жылы Ресей мен Иран арасындағы тауар айналымы $3,7 млрд. жеткен.[viii] Бұл сандар екіжақты байланыстардың әлеуетін толық жүзеге асырылып жатпағандығын көрсетеді. Салыстырмалы түрде қарасақ, Иран Қазақстан арасындағы сауда айналымы көлемінің соңғы бес жылда $400 млн.-нан  $2 млрд. 99 млн-ға жеткен.[ix] Мәліметтерге жүгінсек, айналым Ресей тауарларының көлемі артуы есебінен болған.

Ресейдің Иранға тасымалдайтын  негізгі тауар баптары:

  • - Минералды отын, жағармайлар (83,3%)
  • - Азық-түлік өнімдері, сусындар, темекі (4,1%)
  • - өндіріс тауарлары және дайын өнімдер (6.9%).[x]

Ираннан импортталатын тауар түрлері:

- өндіріс тауарлары мен дайын өнімдер (82,6%)

- машиналар мен транспорт жабдықтары (8,1%).[xi]

Сонымен қатар Ресей мен Иранның сауда-экономикалық ынтымақтастығының күн тақырыбында жаңа технологиялар, экономиканың ғылыми сыйымдылығы жоғары салаларына аса назар аудару секілді дәстүрлі сауда  орын алады.

Иранның импорттаушы серіктестері ішінде Ресей 5.7%-бен Қытай, Германия, БАӘ және Оңтүстік Кореядан кейін бесінші орынды иеленсе, экспорт бойынша алғашқы бестікке енбеген.[xii]

ИИР және РФ сауда-экономикалық ынтымақтастығын белсендіруде мемлекеттер ықпалдастық бағытындағы жұмыстар жүргізуде. Оған мысал:

  • - энергетика, транспорт, мұнай-газ, әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастық
  • - Ресей Сауда-өндірістік палатасында Ресей-Иран іскерлік-кеңесінің құрылуы
  • - Үкіметаралық Ресей-Иран сауда-экономика мәселелері бойынша комиссияның жұмысы.

Екі ел арасындағы үкіметаралық комиссияның ресейлік жақтан төраға болып РФ Энергетика министрі С.Шматконың сайлануы Иранмен экономика саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыты мұнай, газ атом энергетикасы, электроэнергетика екенін аңғаруға болады.

Ресей мен Иран әлемдік мұнай қорының жалпы әлемдік балансында 6% және 9% алса, сәйкесінше газ ресурстарының 35% және 15% ие. Ирандағы энергоресурстардың бай қоры Ресеймен бәсекелес болуына себеп болса да, басқа қырынан, экономикалық мүдделердің күшейту факторы ролін де ойнай алады. Оған әсіресе 2008 жылдың соңғы ширегінен бастап ерекше белсенді қызығушылық пен күш салулардың ортасы болып отырған Газ экспорттаушы елдер форумы (ГЭЕФ) мысал бола алады. Бұл Форумның ұйым пішінін алып, нақты іске көшуін белсендіруде екі  мемлекеттің өзіндік мүдделері бар:

  • Ресей үшін нарықты әртараптандыру, мұнайға тәуелділікті азайту, энергетикалық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру мүмкіндігі
  • Иран үшін экономиканың газ секторын күшейту және дамыту мүмкіндігі

Иран мен Ресей кеңескен түрде газ және мұнай нарығында саясат қалыптастыру ниеттері 2008 жылы түрлі келісімдерден байқалғанымен, оларды жүзеге асыру мүмкіндігі үлкен ерік-жігер мен нақты істерді қажет етеді.

2008ж. 23 желтоқсанда Иран, Катар энергетика министрлері мен Газпром басшысы А. Миллердің  Жоғарғы газ кеңесін құру туралы келісімге қол қоюымен ГЭЕФ ұйым ретінде заңды статусқа ие болды.[xiii] Ұйымның жарғысы қабылданып, үкіметаралық келісімге қол қойылды. Онда келесі мәселелер орын тапқан:

  • - тұтынушы елдермен қатынастардың ережесін қалыптастыру
  • - ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру
  • - сұйытылған газ өндірісін дамыту бағытында бірлескен жұмыс атқару.

Ресей мен Иран үшін ГЭЕФ аясында екі мемлекеттің де мүдделеріне сай келетін маңызды мүмкіндіктерге жол ашылады:

  • - мүмкіндікті газ тасымалдау маршруттарын оптимизациялау
  • - газ өндіру және жүзеге асыру бойынша бірлескен жобаларға қатысу.[xiv]

Энергетика саласындағы ынтымақтастық көпжақты негізбен қатар екіжақты форматта да белсенді жүзеге асырылуда. Ресей газ компаниялары Иран-КСРО газ құбырларының жабылуы себепті (КСРО мен ислам мемлекеті арасындағы газ бағасына қатысты шиеленіс, КСРО-ның құлауы және Армения мен Әзірбайжан арасындағы қайшылықтар) Иран газ нарығына тек 1997 ж. ғана келген болатын.

Францияның «Тоталь», Малайзияның «Петронас» және «Газпром» бірлесе құрған консорциум «Оңтүстік Парс» кен орнын игеруді аяқтады. Алайда батыстық компаниялардың Иран нарығынан санкциялық себептермен кетуіне байланысты бос орынды ресейлік компаниялармен толықтыру жағдайы байқалады. Газпром сонымен қатар Иранда жерасты газ қоймаларын, газ жүйесінің басты сызбасын жасақтауда, аймақтық газ желілерін салу, қызмет көрсетулермен айналысады.

Ресей және Иран ынтымақтастығының негізгі объектісі энергетикалық жобалар болып табылады. 2009 жылдың 25 ақпанында Ресей «Бушер» АЭС құрылысын аяқтап, реактордың сәтті сынағын өткізді. Сонымен қатар Иранға ресейлік ядролық отынды жеткізу туралы келіссөздер жүргізілді. 1998ж. құрылысы басталған Бушер АЭС жобасына қатысушы ресейлік «Атомстрой» болды. Батыстың ядролық тақырыптарға қатысты қысым көрсетулеріне қарамастан 2008 тамыз оқиғасында Иранның позитивті-бейтарап позицияны ұстануы әсерінен аталған жобаны икемді түрде алға жылжытуда Ресей біраз үлесін қосты. Оған 2008 ж. 27 қыркүйектегі Иранға қарсы санкцияларды одан әрі күшейтуге бағытталған  БҰҰ-ның №1835 жаңа қарарын Ресейдің қолдаудан бас тартуы дәлел.

РАО ЕЭС және ирандық энергетикалық компания «Таванир» 2005ж. ақпанда Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Иран, ТМД, Балтық энергожүйесінің параллель жұмыс жасауын қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастық туралы меморандум қабылданды.

Сарапшылардың болжамы бойынша Ирандағы энергетикалық жобалардың шамамен 40%-ы Ресейге тиесілі болады.[xv] Яғни, Иран газ нарығында бәсекелестердің болмауы болашағы зор бұл салада Ресей позициясының күшеюіне ықпал етеді.

Экономикалық қатынастардың алғышарты жақсы дамыған транспорттық-коммуникация жүйесі болып табылатыны ескерсек, екі ел арасындағы сауда айналымының қатынастардың әлеуетіне сай келмеуінен бұл саланың әлі дұрыс жолға қойылмағандығы байқалады. Осы мәселені шешу бағытында екіжақты жұмыстар жүргізілуде. Сондықтан Солтүстік-Оңтүстік транспорт коридоры қазіргі таңда маңызы жөнінен ресей-иран қатынастарында алдыңғы орында тұрған мәселелердің бірі. Бұл маршрут Еуропадан Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс Азияға және кері Ресей мен Иран территориясы арқылы тауар жеткізілімін қамтамасыз етуге арналған.  Сонымен қатар жобада Каспий теңізінде суда жүзу сызығын жасау, екі ел порттарын кеңейту, Каспий теңізі маңы автомобиль жолдарын төсеу және қатысушы мемлкеттердің темір жол желісін дамыту қарастырылған. Солтүстік-Оңтүстік коридоры келісіміне Иран, Ресей, Оман, Үндістан, Қазақстан, Белоруссия және Тәжікістан секілді бірқатар мемлекеттер қол қойып, Еуропа мен Азияның оннан астам мемлекеттері өз дайындығын білдіруде.

Азия елдерінен Ресейге Иран арқылы тауар тасымалы үшін осы мүмкін маршрут қазіргі қолданыстағы маршруттан 3-4 есе қысқа, сәйкесінше, бұл жоба іске асатын болса, Оңтүстік-Шығыс Азиядан Батыс Еуропаға тауарды жеткізу уақыты кем дегенде 3-4 күнге кеміп, оған кететін шығын 15-20%-ға қысқарар еді.

Экономикалық аудандардың даму жағдайлары ең алдымен транспорттық қол жетімділік пен ортақ транспорттық ынтымақтастыққа қосылуына байланысты болады. Осы жағдайда транспорттық қызметтің географиясы мен спектрінің кеңеюі нәтижесінде жапсарлас экономикалық аудандардың экономикалық өсуіне жол ашуы керек.

Иран мен Ресейдің Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда объективті қызығушылықтары бар. Себебі бұл аймақ екі мемлекет арасындағы аралық белдеу және байланыстырушы көпір ролін атқарады. Аймақтағы тұрақтылық немесе керісінше шиеленіс екеуінің де қауіпсіздігіне тікелей әсер етіп отырады, және де географиялық ерекшеліктерге орай олардың да аймақтағы саяси-экономикалық ахуалға әсер ету мүмкіншілігі мол.

Екі мемлекеттің де көптеген мемлекеттердің бәсекелестік аренасына айналған аймақта өз ықпалын сақтап, өрістетуге мүдделі. Сонымен қатар оларды аймақ мемлекеттерінің қайшылықты одақтар мен блоктарға мүше болуына жол бермеу ұмтылыстары жақындастырады. НАТО-ның Шығысқа кеңею саясатына қарсылық білдіруі, Каспий аймағында үшінші бір мемлекеттердің орын алуына жол бермеу секілді тұстарда Мәскеу мен Тегеран мүдделері бір жерден шығады.

Аймақтағы қатерлердің екі мемлекетке де төндірер қаупі бір болғандықтан Иран да, Ресей де қалыптасқан жағдайды сараптап, катерлерді бейтараптандыру міндетін ұмытпайтыны анық.

ХХІ ғасырда энергия көздеріне бақылау орнатудың өрши түсуіне байланысты мұнай мен газға бай ОА аймағы болашақ қайшылықтар мен тартыстардың ортасына айналу қатері бар. Ресей мен Иранның өмірлік маңызды мүдделері орналасқан бұл жерде басқа бір ойыншылардың бақылау орнатып, белсенді әрекет етуі шиеленіске соқтырары анық.

Геосаяси тұрғыдан қарағанда, Иран ОА қақпасы ретінде қабылдауға болады. Сондықтан бұл мемлекеттің қуаты мен тұрақтылығы қандай да бір дәрежеде толық аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Тегеран аймақтың Қытай мен Еуропа, Америка мен Ресей арасында тұрғанын жақсы түсінеді, сондықтан осыған сәйкес өз мүдделерінің жүзеге асырылу мүмкіндіктерін көздейтін саясат жүргізеді.

Орталық Азияның барлығына белгілі халықаралық терроризм, экстремизм, есіртке саудасы және т.б. қатерлердің ошағына айналған Ауғанстанмен шекаралас болуына байланысты Ресей мен Иранның  аймақтағы қауіпсіздікті нығайтуға ұмтылыстары да бір жерге түйіседі. «Аймақ елдері бірлесе отырып, ешқандай шетелдік державалардың қатысуынсыз өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс» деген ирандық әдісті Ресей де қолдайды. Алайда Ауғанстан мәселесінің жылдар бойы шешілмей келе жатқандығы осы бағыттағы ресей-иран ынтымақтастығы пен ықпалдастығының қажетті деңгейде жүргізілмеуінің белгілері мен көріністері деуге болады. Мұндай жағдайдың қалыптасуында екі мемлекеттің өзара ынтымақтастықтың шынайы әлеуетін сарапқа салып, объективті түрде бағалап, нақты әрекет ету механизмдерін құрастырмау, не бар құраларды ақылдасқан түрде тиімді қолданбау себептері жатыр.

Ресей мен Иранда аймақтық ықпалдастықтың жаңа үлгісін құруға тарихи мүмкіндіктері бар. Саяси тәуекел көп болғандықтан геосаяси одақ туралы сөз қозғау қиындау. Бұл бағыт Ресейге Жерорта теңізінен Орталық Азия мен Ауғанстанға дейінгі Иранның «үлкен кеңістігін» де өз бақылауына алу мүмкіндігін тудырады.

Ресей жаңа аймақтандырылу (регионализм) қағидасына сүйенеді: тығыз ынтымақтастыққа қызығушылық білдіруші мемлекет кез келген мемлекетпен қалған мемлекеттерге қарағанда басқа формада немесе жағдайда жұмыс жасай алады. Осы бір ұстанымның әсіресе Иранға қатысты көрініс тапқанымен, ол тек халықаралық және екіжақты қатынастар деңгейінде жүзеге асырылуда. Ал мұндай жеңілдіктердің аймақтық дәрежеде жасалуына Ресейдің державалық  саясаты  кедергі келтіреді.

ТМД кеңістігінде неғұрлым алға жылжып үлгерген, қарқынды дамушы  интеграциялық негіз - Еуразиялық экономикалық қауымдастығы. Онымен қоса Еркін сауда зонасын құру жұмысы атқарылуда. Осы тұста да алыс болашақта болса да, Иранмен қатынасты дамыту мүмкіндігі бар. Иран мен Ресей ХХІ ғ. Ұлы Жібек жолының матрицасының жаңғыруы жағдайында бір-бірінсіз және ОА мемлекеттерімен ынтымақтастығысыз континентальды-геоэкономикалық жобаларды жүзеге асыра алмайды.

Орталық азиялық жобалардың жүзеге асу ықтималдылығының жылдан жылға арту үрдісі байқалады. Бір жағынан, теңізге шығар жолы жоқ Орталық Азия мемлекеттерінің барлығы альтенативті транспорттық коридорлардың салынғанына мүдделі. Екінші жағынан, ШЫҰ мемлекеттерінде (Ресей, Қытай және т.б.) аймақтық интеграцияның күшеюі мен ішкі тасымалдың артуы болжанып отыр.

Ресей мен Иран қатынастарының нығаюында  ШЫҰ ролін атап откен жөн. Аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге құрылған бұл ұйым күннен күнге әмбебап аймақтық ұйым мазмұнына ие болуда. Қуатты Ресей мен Қытай және ОА мемлекеттерінің ынтымақтасуынан туындаған ұйым ісіне қатысу Иран үшін өзектілігін жоғалтпай отырған мәселенің бірі. Алайда ұйым мүшелерінің, әсіресе, Ресей мен Қытайдың Иранға халықаралық аренада қолдау көрсетіп отырғанымен, шанхайлықтардың қатарына қосудан бас тартып келуі өзара ынтымақтастық шектерінің әзірше пішіліп, кесіліп қойғандығын аңғартады.

Ықпал ету белдеуі Орталық Азия болып табылатын Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымы (ҰҚКҰ) аясындағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты Иран мен Ресейдің ықпалдасу әлеуетін де ұмытпаған жөн. ИИР-дың жақында аталған қауіпсіздік ұйымына бақылаушы статусын алуға сұрау жасағанына қарағанда Тегеранның  аймақтық істерге тартылу ниетінің  байқауға болады.[xvi]  Осы орайда Ресей мен Тегеран мүдделерінің түйісу нүктесі ретінде заңсыз есіртке айналымымен күрес саласындағы ынтымақтастықты айтуға болады.[xvii] ИИР сәйкес құрылымдарының өкілдері ҰҚКҰ аясында өтетін халықаралық кешенді «Канал» операцияларына қатысып отырады. Есірткімен күрес бойынша жұмыстар сонымен қатар Рсей мен Иранның сәйкес бөлімшелері арасында қабылданған бірқатар меморандумдар, протоколдармен бекітілген.[xviii] Алайда ниеттер мен меморандумдар нақты іс жүзінде көрініс табуы үшін екі мемлекеттің саяси ерік жігерінің болуы шарт.

ОА бес мемлекет, Ауғаныстан, Пәкістан, Әзірбайжан, Түркия, Иран мүше аймақтағы тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз етуге бағытталған Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ) Орталық Азия істеріндегі Иранның қатыстылығы мен белсенділігін жүзеге асыруға жол ашады. ЭЫҰ мен ШЫҰ арасындағы ұйымаралық ықпалдастық алаңын жүзеге асыру аймақтағы мәселелерді ШЫҰ-ға бақылаушы ЭЫҰ-ға толық қанды мүше мемлекеттердің, әсіресе Иранның аймақтық ортақ мәселелерді заңды түрде  араласуына мүмкіндік береді.

Аталған ұйымдар аясында Иран мен Ресей ынтымақтастығының артуы не шектелген түрде жүзеге асуы ең алдымен Мәскеудің саяси ерік-жігері, мүддесі мен ұмтылыс бағытына байланысты болмақ. Себебі Иран бірнеше жылдан бері аймақтағы қауіпсіздік жүйесіне қатысу ниетін білдіріп келеді, іс жүзінде де көріністері байқалып жүр.[xix] Иранның бұл ниеттерінің Ресей жағынан қабыл алынуы Тегеранның Батыспен шиеленісті қатынастарына орай аймақтағы геосаяси тепе-теңдіктің өзгеруіне және «қайта жүктелуге» күшкен ресей-американ қатынастарының бұзылуына соқтырады.

Орталық Азия қауіпсіздігін қамтамасыз ету күрделі де кешенді мәселе, сондықтан оны шешу жақсы ойластырылған дипломатиялық, экономикалық, гуманитарлық т.б. шараларды қажет етеді. Иран мен Ресейдің қатысуымен Орталық Азиялық қауіпсіздік жүйесін нығайту әрине аймақ мемлекеттерінің мүдделері мен ұстанымдарын ескеруінсіз мүмкін емес. Себебі аймақтық қауіпсіздік құрылысындағы Иранның роліне аймақ мемлекеттерінің де көзқарастары әр түрлі.

***

Иран мен Ресей бір-біріне айтарлықтай сәйкес келетін мүдделері бар, бірақ оларды әр түрлі жолмен, кейбір өзгешеліктермен жүзеге асыруды жөн көреді. Тегеран мен Мәскеу қарым-қатынастарының оңтайлы дамуына алғышарт болушы аталған ортақ қызығушылықтар мен мүдделер болашақта мемлекетаралық қатынастардың одан әрі достықты және өзара тиімді бағытта дамуына ықпал ете беру мүмкіндігі екіжақты болып келеді. Оған әсер етуші бірнеше факторларды атап көрсетуге болады:

  • Екіжақты қатынастарды айқындаушы ең негізгі фактор ретінде Иранға қатысты АҚШ саясатын келтіруге болады.
  • Иран мәселесіне қатысты Ресейдің позициясына ресей-американ қатынастарының болашақтағы барысы әсер етеді.
  • Ресейдің аймақтағы ықпалының шектен тыс арту тенденциясы Иранның аймақтық держава статусынан ығысуын, сәйкесінше мүдделер қайшылығын тудыруы мүмкін. Немесе керісінше Иран қуатының Ресей өз алдына белгілеген дәрежеден асып кетуі екі жақты тепе-теңдіктің бұзылуына әкеледі.
  • 2009 ж. 12 маусымына белгіленген Ирандағы Президент сайлауының нәтижесі де мемлекеттің сыртқы саясатына реформисттің не консерватордың келгеніне байланысты азды-көпті өзгерістер енгізу мүмкіндігін тудырады. Ал бұл Ресей Иран қатынастарынан көрініс табады деп болжауға болады.

Иран мен Ресей басты халықаралық және аймақтық мәселелерге ұқсас позициялар ұстанғанымен өзара қатнастардың форматына деген көзқарастары екі түрлі десе болады. Батыстың санкциясының қоршауында қалған Иран Ресей жүзінде тығырықтан шығу жолын іздейді, сәйкесінше қатынастарға жоғары деңгейде стратегиялық маңыз береді, содан кейін саяси түсінік екіжақты қатынастарды анықтайтын сипатқа көшеді.

Ресейдің өз кезегінде әлемдік саясатта орын алушы үрдістерге қарайлауы, Батыстан келетін қысымға кейде берілуі себепті екіжақты қатынастарды халықаралық қатынастар призмасынан жоғары деңгейде емес, екіжақты серіктестік форматта қарастыру сипаты басым.

Жоғарыда көрсетілген факторлардың ықтимал мүмкіндігі мен орын алу деңгейіне орай Ресей-Иран қатынастары  халықаралық серіктес қалпынан стратегиялық одақтас стадиясына өтуі, не керісінше төменгі сапалық деңгейге төмендеуі жағдайлары байқалуы мүмкін.

Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Ресей Иран қатынастарының қазіргі саяси мазмұнға сай келетін ережелер жүйесін қалыптастыруға болады. Біріншіден, екіжақты қатынастар ерекше түрде сауда-экономикалық және әлеуметтік-мәдени байланыстарға негізделуі тиіс. Екіншіден, Иран мен Ресей ортақ әдіс қолдана шешкен бірқатар әлемдік мәселелер бар.  

Болашақта екіжақты қатынастардың интенсивті дамуы өзара жеңілдіктерге жол ашып, аймақтық және халықаралық мәселелерді шешуде ортақ механизмдердің құрылуына ықпал етер еді. Сәйкесінше Орталық Азиядағы бірқатар мәселелердің шешілуіне түрткі болары анық.

 

Махамбетова Рада, Халықаралық зерттеулер орталығының сарапшысы


[i] Путин едет в Тегеран. 11.10.2007. «ВЗГЛЯД.РУ» // http://www.vz.ru/politics/2007/10/11/116709.html

[ii] Иран и Россия поддерживают друг друга в регионе // ГЕОПОЛИТИКА, 2008 год: сентябрь, № 33

[iii] Дипломаты РФ и Ирана обсудили перспективы отношений двух стран. INTERFAX.RU // http://www.interfax.ru/politics/news.asp?id=36441&sw=%E8%F0%E0%ED&bd=9&bm=1&by=2008&ed=9&em=4&ey=2009&secid=0&mp=0&p=14

[iv] Мехди Санаи. Отношения Ирана с центральноазиатскикми странами СНГ. Социально-экономические и политические аспекты - М., 2002. - С. 128

[v] Россия и мир. 2 часть: Внешняя политика - М, 2008 - С. 96

[vi] CIA.-The World Factbook-Iran. 2009 // https://www.cia.gov/library/publications/the-world-factbook/print/ir.html

[vii] Сонда.

[viii] Товарооборот между РФ и Ираном в 2008 году составил $3,7 млрд. 20/02/2009 // http://www.rian.ru/economy/20090220/162683041.html

[ix] Президент Ирана Махмуд Ахмадинежад нанесет официальный визит в Казахстан. Фергана.Ру // http://www.ferghana.ru/news.php?id=11625&mode=snews

[x] Россия и страны мира. 2008.: Стат.сб. / Росстат. - M., 2008. -  С. 341

[xi] Сонда. - Б.  343

[xii] CIA.-The World Factbook-Iran. 2009

[xiii] Минобороны Ирана: Сотрудничество России и Ирана в газовой сфере может обеспечить интересы производителей и потребителей во всем мире. 20 Фев, 2009 г.  // oilru.com

[xiv] Российско-иранское сотрудничество в энергетической сфере выходит на новый уровень. 03.03.2009 // Пресс-центр министерства энергетики РФ

[xv] России достанется около 40% энергетических проектов Ирана: интервью Иосифа Дискина. ИА REGNUM. 27.02.2009 // www.regnum.ru/news/1130912.html

[xvi] Иран может получить статус наблюдателя в ОДКБ. 03.04.2009. INTERFAX.RU // http://www.interfax.ru/politics/news.asp?id=72206

[xvii] 2003 ж. Есірткемен күресу ниеті бойынша протокол, 2005 ж. Есіркемен күрес саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум

[xviii] Состоялось подписание Меморандума между ФСКН России и Штабом по борьбе с наркотиками Исламской Республики Иран. Центр общественных связей ФСКН России  // http://www.fskn.gov.ru/fskn/index/news.htm?id=10290775@cmsArticle

[xix] Иран подал заявку на вступление в ШОС. РИА Новости 24.03.2008// http://www.regnum.ru/news/975605.html

 

 

 
« Пред.   След. »