Главная arrow Аналитика - Архив arrow ЖАhАНДАНУ ЖАГДАЙЫНДАГЫ КАЗАК УЛТ КУРЫЛЫСЫНЫН КЕЙБІР АСПЕКТІЛЕРІ
ЖАhАНДАНУ ЖАГДАЙЫНДАГЫ КАЗАК УЛТ КУРЫЛЫСЫНЫН КЕЙБІР АСПЕКТІЛЕРІ Печать E-mail
Автор Макулжан Aзина   
14.01.2010 г.

Image

Қауқары күшті мемлекет қалыптасу үшін аумағындағы халық ұлтқа айналуы керек, ұлтты жасайтын ұлтшылдық. Ұлтшылдық – мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының позитивті және конструктивті элементі ғана емес, сонымен бірге, ең фундаменталды факторы және негізі. Ұлтшылдықты қалыптастыратын – ықтимал ұлтқа ортақ құндылық. Адам мен адамның басын қосатын, тізесін түйістіретін қашан да құндылық болған. Кейде ол тіл, өзге жағдайларда дін, ортақ тарих, тұтас тамыр – қайсысын алсақ та, тоқ етері ол – ортақ құндылықтарға деген сенім. Егер бұл – тұтас бір ұлтты құрауға қатысты болатын болса, аталмыш құндылықтың тірегі мықты болмағы керек. Сонымен қатар, құндылық жаһандану жағдайындағы ұлт құрылысына байланысты болса, ол тек мықты емес, әлемдік қауымдастық дәстүрімен үндес болуы қажет.

Бүгінгі таңдағы халықаралық қолданыста ұлтшылдың екі танымал тұжырымдамасыдамыған. Ал ұлт құрылысы халықаралық анықтамада мемлекеттік билікті пайдалана отырып ұлттық біртектілікті қалыптастыру процесі ретінде қабылданады. Біртектілік бірінші модель бойынша мәдени, ұлттық, тарихи аспектілерді ескере отырып құрылатын (мәдени немесе этностық), екінші жағдайда саяси бірлестік, отандастыққа негізделетін (азаматтық) ұлтшылдық болып есептеледі. Бұл жерде мәдени не этностық ұлтшылдықты анықтмасын М. Биллинг берген баналды ұлтшылдықпен (banal nationalism), яғни «Қазақстан – қазақтар үшін» деген ұстанымдағы ұлтшылдықпен шатастырмаған жөн. Алғашқы модельдің классикалық мысалдары ретінде ұлттық мемлекет дәстүрі адамзат тарихында өзгелерден бұрын қалыптасып үлгерген Батыс Еуропаның Франция, Алмания сынды мемлекеттерін келтіруге болады. Екінші модельге халқының басым көпшілігі немесе барлығы дерлік құранды этностардан болған АҚШ, Бразилия, Австралия сияқты мемлекеттерді жатқызамыз. Қай модельде де ұлттық құрамы бір ғана этностан құралған мемлекет жоқ, тек бірінші жағдайда мемлекетте бір этнос мәдениеті, тілі, тарихы сандық басымдығына немесе тарихи аспектіге байланысты жалпыхалықтық сипатқа ие болады, ал екінші жағдайда ешбір этнос бұл сипаттарға бірдей ие болмағандықтан, мемлекетті бұл негізде қалаудан бас тартылады. Ортақ құндылық ретінде тамырын әртектілік негізінен алатын, мысалы, отандастық, азаматтық және т.б. сияқты идеялар ұсынылады.
Бүгінде Қазақстан аумағында өмір сүріп жатқан тілі мен діні, ділі, этностық тамыры әртекті халықты біртектілендіруге болатын құндылықтар жүйесі талқылануда. Жаһандану жағдайындағы қазақ ұлт құрылысы қай модельге жақын деген заңды туындайтын сұрақ осы уақытқа дейін қоғамда резонанс тудырып, қалыптасып үлгерген екі дайын жауап алады: бірі – унитарлы мемлекеттің униясы ретіндегі қазақ ұлтының мемлекет ядросына айналуын, одан туындайтын қазақ мәдениетінің ұлт құрылысындағы доминантасын мойындау болса, екіншісі – мемлекет аумағында өмір сүріп жатқан барлық этностардың мемлекет архитектурасындағы біркелкілендіретін ұлт құрылысына көшу.
Осы ретте ескерілетін ұлт құрылысының бірнеше аспектісі бар.
Бірінші аспектісі көпұлттылық идеясы. Бұл тұрғыдан қарастырғанда Қазақстан бүгін өзін көпұлтты мемлекет санатына жатқызады. Қазақстан азаматтарының этностық құрамына нақтырақ тоқталатын болсақ, 49 этностық топ өкілдерінің саны 100-ден аспайды, 35 этностық топ өкілдерінің саны мыңнан аспайды, 13 этностық топ өкілдерінің саны 5 мыңнан аспайды, 7 этностық топ өкілдерінің саны 10 мыңнан аспайды, 11 этностық топ өкілдерінің саны 50 мыңнан аспайды, 3 этностық топ өкілдерінің саны 100 мыңнан аспайды, тек 7 этностық топ өкілдерінің саны 100 мыңнан жоғары. Қазақтар саны 9 млн-ға таяған және мемлекеттің этностық құрамында 60%-дық үлеске ие. Жоғарыда ұлттық мемлекеттер ретінде көрсетілген елдердің ешбірінің этникалық құрамы біртекті емес және диаспоралық құрамы да алуан түрлі болып келеді. Дегенмен, тарихи аспектіге және сандық басымдыққа байланысты мемлекет аумағындағы барлық этностар негізгі этнос төңірегінде шоғырланып, бір ұлтты құрайды. Осы тұрғыдан қарастырғанда Қазақстанның көпұлттылық туралы тұжырымдамасын жаһандық дәстүрге сай емес деуге негіз бар.
Екіншіден, Қазақстанда осы таңдағы қолданыстағы көпұлттылық ұғымының өзі – саяси дәстүрге сай келмейтін түсінік. Себебі бір мемлекетте бір ғана ұлт болуы мүмкін. Ұлт термині жаһандану жағдайында мемлекет ұғымының орнына қолданылатын әлеуетке ие болды. Бұған орай, көпұлтты мемлекет емес, көпэтносты ұлт деп қолдану орынды болмақ.  
Үшіншіден, осы сұраққа қатысты ұсынылған сан алуан жобалардың барлығы дерлік екі үлкен тақырып аясында шоғырланады, яғни бірі «қазақ», бірі «қазақстандық» идеясының төңірегінде ұюды ұсынады. Мәселенің күрделілігі сонда – екі тарап өз пікірінде күшейген сайын арадағы қайшылық айқынырақ әрі тереңірек көрінуде.
Республика халқының 60%-ын құрайтын қазақтар өздерінің қазақстандық ұлт құрамдасы болуын қазақ ұғымының саяси атау ретінде саяси сахнадан кетуі деп бағалайды және келіспеушілік білдіреді. Ал мемлекеттегі өзге этнос өкілдері Қазақстандағы саяси ұлттың қазақ деп аталуына қорқынышпен қарау себебі де осы негізден шығады, яғни мәдени-этностық тамырды жоғалтып алу, сіңіп кету үрейінен.
Қазіргі уақытта ұлтшылдық түсінігінің негативті реңде қабылдануының себебін ресейлік ғалым Ю. Тишков кеңестік ғылыми дәстүр мен саяси доктринада бұл ұғым пролетарлық интернационализмге қарсы түсінік ретінде пайдаланылғандығымен түсіндіреді. Ұлт саяси емес, мәдени тамырлас бірлестік ретінде қарастырылып келгендіктен, осы күнге дейін ұлттық мемлекет құру идеясы этноұлттық мемлекет ретінде қалыптасуға жақын пікір тудырады. Осы себепті Қазақстан жұртшылығы ұлттық идеяның кезекті талқысында идеяның «қазақ» немесе «қазақстандық» деп аталуы жөніндегі даудан әрі аса алмай қалып жатады, ал идеяның өзінің мазмұнына тоқталу әлі күнге мүмкін болмай отыр. Биологиялық қан принципі халық танымында басымдыққа ие болғандықтан, республика аумағында құрылуы керек нағыз саяси ұлттың атауы жөніндегі тартыс халық танымының этностық деңгейден ұлттық деңгейге көтерілмегендігінің айқын мысалы ретінде көрінуде. Бұл тұжырымның тағы бір дәлелі – республикадағы этностар арасындағы өзара үрей мен сенімсіздік жағдайының үстіміздегі жылдың соңында ұсынылған Доктринамен тереңдей түскендігі.
Төртіншіден, «қазақ» ұғымы ХV ғасырда көптеген ру-тайпалардың басын қосқан саяси атау, яғни политоним болған, бүгін қазақтың саяси не этностық сипатқа ие болуына байланысты пікірлер ушығып тұр. Қазіргі қазақ ұлтының құрамындағы көптеген көне рулардың біздің дәуіріміздің алғашқы мыңжылдығында өз саяси бірлестіктері, мемлекеттері болған. Қазір ұлт құрамындағы ру ғана болап  саналатын олардың атаулары сол заманда политонимдер болды, алайда мемлекеттің ыдырауы себепті ұғым рулық сипатқа трансформацияланды. Ал Қазақ хандығы құрамында қазақ политонимінің тіректеріне айналды.  Бес жарым ғасыр бұрын әртекті тайпаларды біріктіріп, қорытып ұлтқа айналған қазақ ұғымы осы таңда өзі қазақстандық ұлтқа құрамдас этносы ретінде кіріге ме, әлде керісінше әлеуеті әлі де мемлекет аумағындағы өзге этностар мен диаспораларды тағы бір қорытып, политоним статусында қалуға жете ме? Бұл – ұлт пассионарлығының үлесіндегі мәселе.
Сонымен қатар, қазақ ойшыл интеллигенциясы КСРО ыдырағанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы болған мемлекеттің атауы Қазақстан Республикасы емес, Қазақ Республикасы болып аталуы керек еді деген пікірлер айтады және бұл қателікті түзеу туралы ұсыныстар да алға тартылып жүр. Бұған сәйкес республикада құрылысы әлі де аяқталмай жатқан саяси ұлттың атауы қай жағдайда да қазақ болуы керек деген позицияны ұстануда.
Ұлт атауы жайлы қоғам даулары – Қазақстанда ұлттың әлі қалыптаспағандығының белгісі. Ұлтшылдық теоретиктерінің бірі Э. Геллнердің пайымдауынша, ұлтшылдықты тудыратын ұлт емес, ұлтты қалыптастыратын ұлтшылдық. Бұл ретте атап кету қажет: саяси ұлт құрауға республика этностарының барлығы мүдделі, тек ұлттың қандай болуы керектігі жөнінде даулар бар. Ұлт қалыптасуының негізгі факторын ұлтшылдық деп қарастыратын болсақ (бұл жерде біз саяси ұғымдағы азаматтық ұлтшылдықты сөз етіп отырмыз), сол ұлтшылдықты тудыратын, Қазақстанның барлық азаматына ортақ құндылықты табу қажет.

 

Қорытынды

  • Ұлттық бірліктер мен саяси бірліктер сәйкес болуы керек, қарсы жағдайда ұлттық намыс саяси гармонияға кері әсерін тигізеді. Бұл тұрғыдан қарастырғанда, ортақ құндылық ролін атқаратын ең оңтайлы фактор ортақ тіл болмақ. Мемлекеттік ұлт саясатын қалыптастыруда мемлекеттік тілді стратегиялық салаларда кеңінен қолданулуын қамтамасыз ету қажет.
  • Этноұлтшылдық лексикасынан бас тарту қажет. Мемлекет аумағында өмір сүріп жатқан халықты ресми құжаттарда немесе жалпы мемлекеттік саясатта көпұлтты деп сипаттау тұтас саяси ұлт құруға менталдық, психологиялық деңгейде кедергі тудырады. «Көпұлтты халық» «көпэтносты ұлт» тіркесімен алмастырылуы керек.
  • Сонымен қатар, этностық-мәдени бірлестіктердің мемлекет тарапынан қаржыландырылуы тоқтатылуы қажет. Қазіргі таңдағы қауқары мықты саяси ұлттардың біріктірішу негізі, барлық азаматтарының басын қосушы факторы этностық әркелкілік емес, ең біріншіден, тұрақты экономикасы. Осы тұрғыдан қарастырғанда, Қазақстан халқының ассамблеясы сияқты мемлекеттік саясат архитектурасындағы артық қосымшалардан бас тарту керек. Мемлекет халқының тамырлық әртектілігіне саяси билік тарапынан әрдайым баса назар аударыла берсе, халықтың ұлт болып қалыптасу, бірігу, ұю әлеуеті азаяды.
Америкалық ғалым Ганс Конның айтуынша, ХХ ғасыр – бүкіл адамзат ұлтшылдықтың біркелкі тұжырымдамасын қабылдаған кезең. Осыған сәйкес, Қазақстан этноұлтшылдық тұжырымдамасынан саяси ұлтшылдыққа бет алу бойынша қадам басуы қажет.
Последнее обновление ( 23.02.2010 г. )
 
« Пред.   След. »